ІМАК тарихы: отандық қаржылық бақылау мен мемлекеттік аудит жүйесінің даму кезеңдері

ІМАК тарихы: отандық қаржылық бақылау мен мемлекеттік аудит жүйесінің даму кезеңдері

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында өткенге көз жүгіртіп, тарихты түгендеу  -  табиғи құбылыс.

Бұдан туп-тура 100 жыл бұрын, 1921 жылы халық арасында Нарком деген атпен белгілі болған Қаржы Халық Комиссариаты құрылды. Бұның қазіргі Қаржы министрлігі екені бәрімізге белгілі.  

Ал 1923 жылы осы Қаржы халық комиссариатында Бақылау-тексеру басқармасы құрылды. Басқарма бюджеттің атқарылуы мен мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуына бақылау жүргізумен айналысуға міндетті болды. Бұл – қазіргі мемлекеттік аудит органдарының баламасы. Біздің министрліктің құрамына кіретін Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің тарихы осы тұстан бастау алады.

Бақылау-тексеру басқармасы 1926 жылы Мемлекеттік бақылау басқармасы болып, 1932 жылы Қаржылық бюджеттік инспекция, 1937 жылы қайтадан Бақылау-тексеру басқармасы болып бірнеше рет өзгерді.

Тәуелсіздік тұсындағы үлкен өзгеріс 1992 жылы 15 қазанда орын алды -   Министрлер Кабинетінің қаулысымен Мемлекеттік қаржылық бақылау комитеті құрылды.

          Комитеттің алдына бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау, меншік нысаны мен функцияларына қарамастан мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың, банктердің Қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйін тексеру секілді үлкен міндеттер қойылды.

         1995 жылғы қазанда бұл Комитет Мемлекет басшысының Жарлығымен Қаржы министрлігінің жанынан Қаржы-валюталық бақылау комитеті болып қайта құрылды.

        2004 жылы Комитетке мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын реттеу және бақылау жөніндегі функциялар берілді.

Бүгінде ішкі мемлекеттік аудит комитеті қаржылық бақылау жүйесі органдарының арасында лайықты орын алады деп сеніммен айтуға болады.

Ішкі мемлкеттік аудит комитеті азаматтардың – қарапайым жеке тұлғалардың өтініштер мен арыз-шағымдарын қабылдап, ол бойынша аудитке шығатын, нағыз «халыққа құлақ асушы» орган болып табылады. Комитет пен оның аумақтық органдарына бір күннің ішінде орташа есеппен 1000-1500 жуық құжаттар мен өтініштер келіп түседі. Оның ішінде арыз-шағымдар бойынша жеке-жеке шешімдер қабылданады, аудит-тексеру шаралары жүргізіледі. 

          Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында орын алған заңбұзушылықтарды камералдық бақылау жасау арқылы бастапқы кезеңде жойылады.

Комитет қызметкерлерінің басым бөлігін халықаралық сертификаттаудан сәтті өткен мемлекеттік аудиторлар құрайды, олар мемлекеттік активтер мен ұлттық әл-ауқаттың сақталуы мен көбеюіне қамқорлық жасауға қабілеті мен біліктілігі жеткілікті тұлға болып табылады.