Мемлекет басшысы елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұның қоғамға қауіпті дерт екенін айтты.
– Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтты. Сондықтан, оның тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет. Бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырды. Мемлекетте оған қажеттінің бәрі бар екенін атап өтті.
– Біріншіден, бізде жемқорлыққа қарсы күресте қару бола алатын мықты мемлекеттік институттар бар. Мемлекеттік аппарат жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, жемқорлықтың жолын кесуі керек. Екіншіден, жемқорлықпен күрес халықтың табанды сұранысына ие. Әкімшілік сауалнама жүргізеді, өзім де ел аралап жүремін. Сонда байқағаным, біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын. Үшіншіден, біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы үш жылда 900-ден астам адамның жемқорлықпен ұсталғанын, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына осындай оқиғалардың кедергі келтіретінін жеткізді.
– Біз экономиканы жаңғыртуға, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға қазынадан қыруар қаржы бөлеміз. Алайда, жемқорлықтың салдарынан мемлекеттік бағдарламалар сапасыз орындалуда. Бұл халықты әлеуметтік қорғау, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерінің уақтылы шешілмегенін көрсетеді. Жергілікті жолдардың сапасыздығы мен бизнестің дамуына жемқорлықтың кесірінен туындаған проблемалар кедергі келтіреді. Азаматтар бюджеттің әрбір теңгесінің мақсатты жұмсалатынына көз жеткізуі керек, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті.
– Бірінші – азаматтардың құқығын қорғау. Мен Конституцияға сәйкес ұлтына, дініне, мүлік жағдайына қарамастан барлық азаматтар тең деген ережені басшылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді. Сондықтан, кешенді алдын алу шараларын қолға алу қажет, – деді Мемлекет басшысы.