Халықты жұмыспен қамту орталықтарында 1 566,1 мың теңге артық ақша төлеу анықталды

Халықты жұмыспен қамту орталықтарында 1 566,1 мың теңге артық ақша төлеу анықталды

Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен  Мәртөк және Мұғалжар аудандарының халықты жұмыспен қамту орталықтарында аудиторлық іс-шаралар жүргізілді.

 Аудиторлық іс-шаралар барысында ұқсас бұзушылықтар анықталды.

Жүргізілген аудитпен қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, жастар практикасын ұйымдастыру, кәсіптік даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру сияқты бағдарламалар қамтылды.

Аудиторлық іс-шараларды жүргізу барысында қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде шарттар бойынша артық төлеу сияқты бұзушылықтар кездеседі, бұл жұмыс берушілер тарапынан да, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан да бақылаудың болмауы салдарынан туындайды. Жұмыс беруші уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңінде қызметкерлерге жұмыс уақытын есепке алу табелін толтырады, жұмыспен қамту орталықтары қазіргі уақытта басқа ұйымда жұмыс істеп жүрген қызметкер үшін шарт бойынша ақы төлейді.

Сондай-ақ жұмыс берушілердің жұмыс уақытын есепке алу бойынша табельдерді уақтылы тапсырмауына немесе Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс орны мен тұрғылықты жерінің ауысқаны туралы уақтылы хабардар етпеуіне байланысты әлеуметтік жұмыс орындарын, жастар практикасын ұйымдастыру кезінде бұзушылықтарға жол беріледі.

Осылайша, Мәртөк және Мұғалжар аудандарының халықты жұмыспен қамту орталықтарында 1 566,1 мың теңге артық төлеу және 185,5 мың теңге толық төлемеу фактілері анықталды.

Бұдан басқа, Мұғалжар ауданының жұмыспен қамту орталығында аудиторлық іс-шаралар барысында кәсіптік даярлау және қайта даярлау бағдарламасы бойынша білім алушыларға 213,1 мың теңге сомасында іссапарлар мен стипендияларды артық төлеу сияқты бұзушылықтар анықталды.

          Анықталған бұзушылықтар қазіргі уақытта бюджет кірісіне өтелді.

 

 

Берниязова Г.Ш. - Ақтөбе облысы  бойынша Ішкі мемлекеттік     аудит департаменті №2 сәйкестік аудиті бөлімінің басшысы