
Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылау бөлімінің басшысы Д.Алматов және осы бөлімнің бас маманы-ассистенті З.Жаймағамбетованың бастамасымен ағымдағы жылдың сәуір айында облыстың 9 ауданының мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыларымен ZOOM жүйесі арқылы веб-портал арқылы хабарламаларды орындау барысында жиі кездесетін бұзушылықтар туралы семинарлар өткізілді.
Семинар барысында бас маман З.Жаймағамбетова ағымдағы жылы камералдық бақылау нәтижесінде 738 лот бойынша бұзушылықтар анықталып, хабарламалар жолданғанын, оның ішінде 689 хабарлама орындалып, 49 хабарламаның орындалу барысында екеніне тоқтала отырып, хабарламалардың орындалу мерзімін қатаң сақтау қажеттілігіне баршаның назарын аударды.
Ағымдағы жылы хабарламалар бойынша бұзушылықтарды жоймау, уақытылы жоймау немесе тиісті түрде жоймау нәтижесінде Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 2-тармағы бойынша 4 әкімшілік іс, Кодекстің 207-бабы бойынша 2 әкімшілік іс қозғалды.
Семинар барысында тыңдаушылар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының негізгі принциптерімен таныстырылды және камералдық бақылаудың ден қою шаралары мен 10 жұмыс күнін құрайтын хабарламаның орындалу мерзімі бөлігінде камералдық бақылау нәтижесінде қабылданатын шешімдер мен хабарламаны орындау туралы нақты түсінік берілді.
Сондай-ақ, бөлім басшысы Д.Алматов камералдық бақылаудың 4 бағытта жүргізілетіндігін айта отырып, әр бағыт бойынша мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында заң талаптарын қатаң сақтау және оны іс жүзінде тиісті түрде қолдану сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алатындығын ескертті.