Камералдық бақылау жүргізу қағидаларына сәйкес, камералдық бақылаудың мақсаты бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, мемлекеттік аудит объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бақылау іс-шараларын жүргізу барысында Ұйымдастырушылардың конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезінде бұзушылықтарға жол беруін анықтайды.
Тапсырыс берушілер / мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар мемлекеттік сатып алуды құқықтық реттеу, яғни мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндіктер беру қағидатын бұза отырып, конкурстық құжаттаманың орындауға келмейтін шарттарын белгілейді.
Тапсырыс берушілер/ұйымдастырушылар мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұза отырып, тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бойынша шарттық міндеттемелерді орындаудың негізсіз мерзімдерін белгілеп, сондай-ақ еңбек және материалдық ресурстардың болуы бойынша жоғары талаптар қойып, сол арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың шеңберін шектейді.
Сондай-ақ, конкурстық құжаттамада тыйым салуларға қарамастан, тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларына, патенттеріне, пайдалы модельдеріне, өнеркәсіптік үлгілеріне, тауардың шығарылған жерінің және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жеке жеткізушіге тиесілігін айқындайтын өзге де сипаттамалар көрсетіле отырып, әлеуетті өнім берушілердің санын шектеуге әкеп соғатын мемлекеттік сатып алу шарттары белгіленеді.
Сөз соңында, камералдық бақылау бойынша қабылданған іс-шаралар нәтижесінде мемлекеттік сатып алу кезінде тапсырыс берушілер/ұйымдастырушылар жол беретін бұзушылықтар фактілері айтарлықтай төмендегенін атап өтуге болады
Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті