Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Атырау облысының Білім беру басқармасы және Денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемелеріне 2021 жылдың шоғырландырылған қаржылық есептілігінің дұрыстығы мен негізділігі мәселесі бойынша аудиторлық іс-шараларды аяқтады.
Шоғырландырылған қаржылық есептілігінің аудитін жүргізу барысында Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 3 объекті және Білім беру басқармасына қарасты 34 объекті үстеме аудитпен қамтылды, оның ішінде Жылыой ауданы бойынша - 3, Махамбет ауданы бойынша - 2, Исатай, Индер, Құрманғазы, Қызылқоға және Мақат аудандарының әрқайсысынан 1 объектіден.
Аталған 2 мемлекеттік мекемеде жүргізілген аудит тұтастай алғанда есепті кезеңнің ішінде есепте тұрған активтерді, міндеттемелерді және таза активтерді/капиталды толық көрсету, ақша қаражатының қозғалысын есепке алудың, дебиторлық және кредиторлық берешекті есептеудің, кірістер мен шығыстар шоттарын жабудың және есепті кезеңде жасалған басқа да қаржы-шаруашылық операциялардың дұрыстығы мәселелерін қамтыды. Аудитпен қамтылған мемлекеттік мекемелердің теңгерім валютасының жалпы сомасы – 54 061 865,3 мың теңге. Жүргізілген аудит нәтижесінде бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібі бойынша барлығы 10 819 917,9 мың теңгенің бұзушылықтары анықталған, оның ішінде қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 1 214 571,5 мың теңге, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 9 605 346,4 мың теңге.
Аудитпен қамтылған 2 мемлекеттік мекеменің және оларға бағынысты мекемелерінде анықталған бұзушылықтарды талдау мемлекет активтерінің дұрыс есебін қамтамасыз етпегенін, дебиторлық және кредиторлық берешектерді жасырудың, бюджеттік қаражатты тиімсіз пайдалану, бухгалтерлік тәртіпті бұзу, сондай-ақ жүктелген функционалдық міндеттерді толық орындамау жағдайларының орын алғанын көрсетті. Бұл жағдай қаржылық есептіліктің бұрмаланған деректерін ұсынудың елеулі тәуекелдерінің туындауына себеп болған.
Аудиторлық іс-шаралар 2021 жылғы шілдеден бастап 2022 жылғы мамырға дейінгі кезеңде жүргізілгенін атап өту қажет, бұл бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасауды сүйемелдеумен байланысты, осылайша аудиторлар бұзушылықтар мен қателерді анықтауды ғана емес, оларды уақтылы жоюды да қамтамасыз етті.
Департамент осы бағыттағы жұмысты жалғастыруда, бүгінгі күні мемлекеттік мекемелерде 2022 жылға арналған қаржылық есептіліктің дұрыстығы мен негізділігі мәселесі бойынша алдын ала зерделеу жүргізілуде.