Ұлытау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті заңнама талаптарының сақталуын және қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік салаларындағы заң бұзушылықтар бойынша 115 әкімшілік іс қозғалып, тиісті хаттамалар жасалды.
Істерді қарау нәтижесінде жалпы сомасы 9 287,9 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаражат мемлекеттік бюджет кірісіне толық көлемде өндірілді.
Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу саласына тиесілі. Негізгі бұзушылықтар қатарында өнім берушілерді жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сотқа уақтылы жүгінбеу және заңнама талаптарын бұза отырып шарттар жасасу бар.
Әкімшілік жазалардың жедел орындалуы үшін қысқартылған іс жүргізу тәртібі де қолданылады. Ол айыппұлдың 50 пайызын жеті тәулік ішінде төлеуге мүмкіндік береді.
Заңдылықты сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті нығайту ағытындағы жұмыс Департаменттің тұрақты бақылауында.