Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасының Сырым ауданының білім беру бөлімінің «Балдырған» бөбекжайы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында бірлескен тексеру жүргізді.
Тексеруге Департаменттің мемлекеттік аудиторы қатысып, бюджет қаражатын еңбекақыны есептеу және аудару кезінде пайдалану заңдылығын зерделеу және тиісті қорытынды дайындау мақсатында жұмыстар жүргізілді.
Тексеру барысында бюджет қаражатын пайдалану тәртібінің бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар лауазымды тұлға нақты есептелген еңбекақы сомасынан едәуір асып түсетін мөлшерде ақша қаражатын жеке карточкалық шотқа негізсіз аударған.
2020 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 30 қазанға дейінгі кезеңде бас бухгалтердің жеке карточкалық шотына еңбекақы, іссапар шығыстары, еңбек демалысы төлемдері және сыйлықақылар түрінде жалпы сомасы 30 517,0 мың теңге бюджет қаражаты негізсіз аударылғаны анықталды.
Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге, ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысының талаптарын бұзуға әкеп соққан.
Тексеру материалдары тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатының заңдылығын, тиімділігі мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы заң бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.