Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» ММ-і арқылы түскен жеке тұлғаның шағымы негізінде «Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-не қатысты жоспардан тыс аудиторлық іс-шара жүргізілді.
Аудит барысында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматқа мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалпы құны 17 936,0 мың теңгені құрайтын тұрғын үй берілгені анықталды. Кейіннен аталған тұрғын үйді жекешелендіру мәселесін қарау кезінде тұрғын үй комиссиясы ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заң талаптарына сәйкестігін тиісті деңгейде тексермеген.
Атап айтқанда, жекешелендіруге отбасы мүшесі ретінде басқа тұлға оның қатысу заңдылығын растайтын тиісті құжаттарсыз және тұрғын үй комиссиясының тиісті шешімінсіз енгізілген. Сонымен қатар, аталған тұлғаның атына тіркелген жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы мәліметтер мүлдем зерделенбеген.
Аудит барысында отбасы мүшесі ретінде енгізілген тұлғаның жеке меншігінде бірнеше тұрғын үйдің бар екендігі анықталды.
Осыған қарамастан, тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді ортақ бірлескен меншік құқығымен жекешелендіруге рұқсат беру туралы шешім қабылдаған.
Нәтижесінде тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған мүгедектігі бар азаматқа берілген мемлекеттік тұрғын үй оның жеке меншігіне емес, басқа тұлғамен ортақ бірлескен меншік құқығымен рәсімделіп, азаматтың заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілген.
Департаменттің нұсқамасы негізінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылданып, мүгедектігі бар азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Атап айтқанда, тұрғын үйді жекешелендіру туралы шарт тек аталған азаматпен қайта рәсімделіп, тұрғын үйге меншік құқығы оның атына мемлекеттік тіркеуден өткізілді. Нәтижесінде жалпы құны 17 936,0 мың теңге болатын пәтер мүгедектігі бар азаматтың жеке меншігіне жекешелендірілді.