Мемлекеттік сатып алуларды өткізу барысында жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі – мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай ұйымдастырушысының деңгейін дұрыс айқындамау болып табылады. Заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу үшін тапсырыс берушілер сатып алу құнының белгіленген шекті мөлшерлерін ескеруі қажет. Себебі дәл осы мөлшерлер конкурс немесе аукционды қай деңгейдегі бірыңғай ұйымдастырушы өткізуге тиіс екенін айқындайды.
Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері үшін тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу лотының сомасы 20 000 АЕК-тен (86,5 млн теңге) асқан жағдайда мемлекеттік сатып алуды орталық мемлекеттік органның бірыңғай ұйымдастырушысы жүзеге асырады.
Облыстық деңгейде мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай ұйымдастырушысы облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары үшін лоттың құны 4 000 АЕК-тен (17,3 млн теңге) асатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады. Ал аудандық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары үшін мұндай сатып алулар лоттың құны 40 000 АЕК-тен (173 млн теңге) асқан жағдайда облыстық деңгейде өткізіледі. Сонымен қатар, аудандық тапсырыс берушілер үшін жобалау-сметалық құжаттаманы және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу бойынша 8 000 АЕК-тен (34,6 млн теңге) жоғары сатып алулар, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа және ағымдағы жөндеу, оларды күтіп-ұстау, сондай-ақ аталған жұмыстарға байланысты инжинирингтік қызметтер облыстық бірыңғай ұйымдастырушы арқылы жүргізіледі.
Аудандық деңгейдегі бірыңғай ұйымдастырушы құны 40 000 АЕК-тен (173 млн теңге) аспайтын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ құны 8 000 АЕК-ке (34,6 млн теңге) дейінгі жобалау-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жөніндегі сатып алуларды өткізеді. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, елді мекен көшелерін орташа және ағымдағы жөндеу, оларды күтіп-ұстау және осы жұмыстар бойынша инжинирингтік қызметтерді сатып алу аудандық деңгейде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, біртекті тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу олардың жылдық көлемі 8 000 АЕК-тен (34,6 млн теңге) аспаған жағдайда жүзеге асырылатынын ескерген жөн. Ал Заңның 16-бабы 3-тармағының 28) тармақшасына сәйкес бір көзден сатып алу біртекті тауарлар бойынша 100 АЕК-ке (432,5 мың теңге) дейін, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша 500 АЕК-ке (2,1625 млн теңге) дейін жүзеге асырылады. Ал аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдері аппараттары үшін бұл шекті мөлшер 4 000 АЕК-ке (17,3 млн теңге) дейін белгіленген.
Мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай ұйымдастырушысының деңгейін дұрыс айқындау және белгіленген шекті мөлшерлерді сақтау мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуына жол бермеуге, сатып алу рәсімдерінің күшін жою тәуекелін азайтуға, сондай-ақ мемлекеттік аудит пен камералдық бақылау нәтижелері бойынша ден қою шараларының қолданылуын болдырмауға мүмкіндік береді.