Түркістан облысы бойынша Ішкі аудит департаменті жүргізген аудиторлық іс-шаралар барысында медициналық қызметтерді көрсету және оларды қаржыландыруға қатысты бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.Атап айтқанда, «Клиника Талгат» ЖШС-нің 2023 жылғы медициналық қызметтеріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде мамандардың консультациялары бойынша белгіленген пациенттерді қабылдау стандарттарының сақталмағаны анықталды.
Мониторинг қорытындысы бойынша 6 248 жағдайда мамандардың консультациялары белгіленген қабылдау стандартынан асып кеткені анықталып, осыған байланысты 21 118,3 мың теңге көлеміндегі қаражаттың негізсіз есептелгені белгіленді.
Қолданыстағы Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес, МСАК ұйымы дәрігерінің жұмыс уақыты 8 сағатты құрайды. Оның ішінде пациенттерді қабылдауға кемінде 6 сағат бөлінуі тиіс. Қалған жұмыс уақыты медициналық құжаттамамен жұмыс істеуге, оның ішінде пациенттің жай-күйін бағалауға және қажетті түзету іс-шараларын жүргізуге, сондай-ақ зертханалық-диагностикалық қызметтердің алдын ала дайындалған нәтижелері бар пациенттерді қабылдауға дайындыққа жұмсалады.
Сонымен қатар аталған стандартта МСАК дәрігерінің қабылдау уақытының ұзақтығы да белгіленген. Атап айтқанда, пациенттің жүгінуі бойынша жоспарланбаған қабылдауға – 15 минут, жоспарланған қабылдауға – 10 минут, профилактикалық қарап-тексеруге – 10 минут көзделген. Ал динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулары бар пациенттерге уәжді консультация беру кемінде 30 минутты құрайды.
Бұл нормативтер медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ дәрігердің жұмыс уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Белгіленген жұмыс уақыты мен қабылдау нормативтерінен тыс мөлшерде медициналық қызметтерді есепке алу олардың нақты көрсетілуі мен қаржыландырылуының негізділігі мәселесін туындатады. Сондықтан медициналық қызметтерді мониторингтеу кезінде көрсетілген қызметтердің белгіленген нормативтік талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылады.
«Клиника Талгат» ЖШС бойынша анықталған 6 248 жағдай және оған байланысты 21 118,3 мың теңге көлеміндегі қаражаттың есептелуі медициналық қызметтерді көрсету кезінде белгіленген қабылдау нормативтерін сақтаудың маңыздылығын көрсетеді.
Медициналық қызметтерге бөлінетін қаражат нақты көрсетілген және қолданыстағы талаптарға сәйкес келетін қызметтер үшін ғана негізді түрде жұмсалуға тиіс. Осыған байланысты медициналық ұйымдар көрсетілетін қызметтердің көлемін белгіленген нормативтерге сәйкес жоспарлап, есепке алуы қажет.
Түркістан облысы бойынша Ішкі аудит департаментінің бақылау іс-шараларының негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде бөлінетін қаражаттың заңдылығын, негізділігін және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету.
Мұндай бақылау шаралары медициналық ұйымдардағы есептіліктің ашықтығын арттыруға, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін медициналық қызметтер үшін қаражат төлеуге жол бермеуге және әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.