Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 22 қаңтардағы № 94 «Қоғамдық мүдделі ұйымдардың қаржылық есептілікті депозитарийге тапсыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес қоғамдық мүдделі ұйымдардың қаржылық есептілікті қаржылық есептілік депозитарийіне ұсыну тәртібі айқындалған.
Аталған Қағидаларға сәйкес ұйымдар жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей уәкілетті орган қаржылық есептілік депозитарийін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға айқындаған ұйымға (бұдан әрі – Уәкілетті ұйым) заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген, уәкілетті орган бекіткен тізбеге және нысандарға сәйкес жасалған жылдық қаржылық есептілікті ұсынады.
Жаңадан құрылған ұйымдар тіркелген сәттен бастап сол жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезең үшін жылдық қаржылық есептілікті ұсынады.
Еншілес ұйымдары бар ұйымдар Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті қосымша ұсынады.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аудит жүргізу міндетті болып табылатын ұйымдар Уәкілетті ұйымға сондай-ақ «PDF (Portable Document Format)» электрондық форматында аудиторлық есепті (аудиторлық ұйым қол қойған және мөрімен куәландырған қағаз нұсқаның сканерленген көшірмесін) ұсынады. Еншілес ұйымдары бар ұйымдар аудиторлық есепті шоғырландырылған қаржылық есептілік бойынша ұсынады.
Ұйымдар бастамашылық аудит нәтижелері бойынша есепті ұсына алады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 239 және 250-баптарына сәйкес бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін, оның ішінде заңды тұлғаның қаржылық есептілікті ұсынудан бас тартуы, белгіленген мерзімді бұза отырып ұсынуы не қаржылық есептілік депозитарийіне оны дәлелді себепсіз ұсынбауы, сондай-ақ міндетті аудит жүргізуден жалтаруы немесе оны жүргізуге кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.