Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Батыс Қазақстан облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Тасқала аудандық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2023–2025 жылдардағы қызметіне сәйкестік аудитін жүргізді.
Аудитпен қамтылған қаражаттың жалпы көлемі 66,1 млн теңгені құрады. Тексеру нәтижесінде 38,6 млн теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар, сондай-ақ 19,3 млн теңге сомасында рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.
Аудит барысында жарамды рұқсат беру құжаттары мен маман сертификаттары жоқ қызметкерлердің медициналық қызмет көрсету фактілері, емдеу-диагностикалық қызметтер көлемін негізсіз ұлғайту жағдайлары, сондай-ақ материалдық құндылықтарды негізгі құралдар құрамында дұрыс есепке алмауға байланысты бухгалтерлік есеп жүргізу талаптарының бұзылғаны анықталды.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, техникалық ерекшеліктерді әзірлеу, мемлекеттік сатып алу веб-порталында ақпаратты уақтылы орналастыру талаптарын сақтамау, сатып алу тәсілін негізсіз таңдау, жосықсыз өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде шаралар қабылдамау және шарттарда көзделген тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) өндіріп алмау фактілері анықталды.
Аудит қорытындысы бойынша Департамент анықталған бұзушылықтарды жою, ішкі бақылауды күшейту, денсаулық сақтау, бухгалтерлік есеп және мемлекеттік сатып алу салаларындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар берді.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аудит объектісінің атына анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау туралы нұсқама жолданатын болады. Сонымен қатар, кінәлі лауазымды тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту бойынша тиісті шаралар қабылданады.