Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл шеңберінде БҚО әкімдігі ветеринария басқармасы жанындағы «Қазталов ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК-да еңбекақыны есептеу және аудару кезінде бюджет қаражатының пайдаланылуы мәселесі бойынша қорытынды әзірлеу мақсатында бірлескен тексеруге қатысу үшін мемлекеттік аудитор жіберді.
Тексеру барысында қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар лауазымды тұлғалардың нақты есептелген еңбекақы сомасынан едәуір асып түсетін мөлшерде жеке карточкалық шоттарға негізсіз ақша аударғаны анықталды.
Аталған әрекеттерімен Қазақстан Республикасының Үкіметі-нің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысының талаптары бұзылған.
2022 жылғы 01 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде бас бухгалтер жеке карт-шотына жалақы, еңбек демалысы төлемдері және сыйақылар түрінде жалпы сомасы 118 056,7 мың теңге көлемінде ақшалай қаражатты негізсіз аударған.
Тексеру материалдары тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.