Ұлытау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қаржылық есептілігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындыларын шығарды.
Мемлекеттік аудит барысында басқарма мен оған қарасты мекемелердің қызметкерлеріне сыйақылар мен ынталандыру төлемдерін есептеу кезінде бюджет қаражатын негізсіз пайдалану фактілері анықталды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен сыйақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларға үстемеақы белгілеу қағидаларын бұза отырып, басқарма қызметкерлеріне жалпы сомасы 20 487,9 мың теңге көлемінде негізсіз сыйақы төленгені анықталды.
Сонымен қатар, аудит нәтижесінде басқарма мен оған қарасты мекемелер қызметкерлеріне жалпы сомасы 10 990,0 мың теңге көлемінде негізсіз ынталандыру үстемеақылары есептелген жағдайлар анықталды.
Өтелуге жататын қаржылық бұзушылықтардың жалпы көлемі 31 477,9 мың теңгені құрады. Мемлекеттік аудит жүргізу барысында оның ішінде 6 621,0 мың теңге бюджетке қайтарылды.
Тексеру қорытындысы бойынша аудит объектісіне қалған 24 856,9 мың теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мәселесін қарастыру тапсырылды.
Аудит нәтижелері бюджет қаражатын тиімді әрі ашық пайдалану үшін бюджет заңнамасы талаптарын қатаң сақтау қажеттігін айқындайды.