Ұлытау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қаржылық есептілігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындыларын шығарды.
Тексеру барысында бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға байланысты бірқатар қаржылық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, басқармаға қарасты мекемелердің қызметкерлеріне, оның ішінде бас бухгалтерлерге, лауазымдық жалақысына 35 пайыздық үстемеақының негізсіз есептеліп, артық төленгені анықталды. Аталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 5 138,2 мың теңгені құрады.
Сонымен қатар, аудит барысында басқарма қызметкерлеріне іссапар шығыстары бойынша 88,0 мың теңге көлемінде артық қаражат аударылғаны анықталды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджеті есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар қызметкерлеріне сыйақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақы белгілеу қағидаларының талаптарын бұза отырып, басқарма мен оған қарасты мекемелердің қызметкерлеріне жалпы сомасы 8 269,5 мың теңгеге негізсіз сыйақы төленген.
Сондай-ақ, аудит нәтижесінде басқармаға қарасты мекемелердің басшыларына жалпы сомасы 2 181,9 мың теңге көлемінде ынталандырушы үстемеақылардың негізсіз есептелгені белгілі болды.
Өтелуге жататын қаржылық бұзушылықтардың жалпы көлемі 15 677,6 мың теңгені құрады. Мемлекеттік аудит жүргізу барысында оның ішінде 8 696,8 мың теңге бюджетке қайтарылды.
Тексеру қорытындысы бойынша аудит объектісіне қалған 6 980,8 мың теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар, анықталған заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау жөнінде талап қойылды.