Қаржылық бақылаудың тиімді құралдарының бірі – құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік іс жүргізуді қозғау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген құзырет шегінде анықталған бұзушылықтарға ден қою шараларының бірі болып саналады.
Кодекстің 722-бабына сәйкес ішкі мемлекеттік аудит органдары заңнамада көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға және тиісті әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға уәкілетті.
Ағымдағы жылдың 6 айында Ұлытау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне Ұлытау облысы бойынша Тексеру комиссиясы жүргізген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 70 материал келіп түсті. Ұсынылған материалдарда мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғалары тарапынан жіберілген әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталып, бұл Департамент құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылдауға негіз болды.
Келіп түскен материалдарды қарау нәтижесінде 70 әкімшілік іс қозғалды. Кінәлі лауазымды тұлғаларға жалпы сомасы 4,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды. Тағайындалған айыппұлдардың барлығы толық көлемде өндіріліп, мемлекеттік бюджет кірісіне аударылды.
Қаржылық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыруға, заңдылықты нығайтуға және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметінде жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.