Ұлытау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізуде.
Осылайша, ағымдағы жылдың 6 айында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын, сондай-ақ бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзу фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес мемлекеттік аудит объектілерінің жауапты лауазымды тұлғаларына қатысты 91 әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды.
Әкімшілік істерді қарау нәтижесінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,9 млн теңгені құрады. Аталған қаражаттың барлығы мемлекеттік бюджет кірісіне толық көлемде өндірілді.
Жүргізілген талдау анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу саласына тиесілі екенін көрсетті. Атап айтқанда, тапсырыс берушілердің өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы талап-арыздармен сот органдарына уақтылы жүгінбеуі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын сақтамай шарттар жасасуы жиі кездеседі.
Сонымен қатар, Департамент Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 810 және 811-баптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібін жан-жақты қолдануда. Бұл тәртіп әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаларға салынған айыппұл сомасының 50 пайызын жеті тәулік ішінде төлеуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл әкімшілік жазаларды жедел орындауға және құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті нығайту бойынша жұмыстар Департаменттің тұрақты бақылауында және алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.