Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 8 маусымдағы №376 бұйрығымен мемлекеттік органдарда бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңартылған нормалар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңа өзгерістер мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есептің ашықтығын арттыруға, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалануға және қаржылық операцияларды есепке алуды жетілдіруге бағытталған.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, «цифрлық есепке алу жүйесі» ұғымы нақтыланып, бюджет кірістерін есепке алу барысында мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректерін пайдалану тәртібі белгіленді. Сонымен қатар, салықтық және салықтық емес түсімдерді есепке алу рәсімдері жаңартылып, дебиторлық және кредиторлық берешектер бойынша жаңа қосалқы шоттар енгізілді.
Сондай-ақ корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және басқа да салықтар бойынша кірістерді тану қағидалары нақтыланып, артық төленген сомалар мен пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді қайтару тәртібі жетілдірілді. Қолма-қол тиынның айналымнан шығарылуына байланысты төлемдерді дөңгелектеу, негізгі құралдарды, амортизациялық аударымдарды, әлеуметтік аударымдарды және валюталық операцияларды есепке алу талаптары да жаңартылды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есеп шоттарының жоспарына өзгерістер енгізіліп, негізгі құралдарды есепке алу жүйесі қайта қаралды. Негізгі құралдардың құрамына жер учаскелері, тұрғын және тұрғын емес ғимараттар, құрылыстар, тасымалдау құрылғылары мен көлік құралдары енгізілген.
Атап айтқанда, тұрғын емес ғимараттар санатына мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылыми-зерттеу мекемелерінің нысандары жатқызылды. Ал құрылыстар құрамына автомобиль және теміржол жолдары, көпірлер, стадиондар, бассейндер, ескерткіштер мен өзге де инженерлік нысандар енгізілді.
Мамандарға бухгалтерлік есеп жүйелерінің жаңартылған талаптарға сәйкестігін алдын ала тексеру, есеп саясаты мен жұмыс шоттарының жоспарын қайта қарау, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық платформалармен интеграцияның жаңа талаптарына дайын болу ұсынылады.
Жаңа өзгерістер мемлекеттік сектордағы қаржылық есептіліктің сапасын арттыруға, есеп жүргізудің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.