Шығыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тәуекелдерді басқару жүйесінің тәуекелді төлемдерін талдау нәтижелері бойынша «Алтай ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ-нда (бұдан әрі - Мекеме) аудиттік іс-шара жүргізді. Аудит барысында жалақыны есептеудің негізділігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамасын сақтау мәселесі қамтылды.
Жүргізілген аудиттік іс-шара нәтижелері бойынша Мекеме бухгалтерінің өз қызметтік мәртебесін пайдаланып, жеке мүдделері үшін өзіне де, Бөлім қызметкері болмаған күйеуіне де негізсіз жалақы аударымдарын жүргізгені анықталды.
Сонымен қатар, аффилирленген ұйым мен жеке кәсіпкерге азаматтық-құқықтық келісімшарттар жасалмаған және жұмыстардың нақты орындалмаған немесе тауарлардың жеткізілмеген жағдайында бюджет қаражаттарын заңсыз аудару фактілері анықталды.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 3,3 млн. теңге сомасында негізсіз аударылған бюджет қаражаттары бюджет кірісіне қайтарылды.
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы сотының үкімімен Мекеме бухгалтері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігімен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.