Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Камералдық бақылау тәжірибесі көрсеткендей, бұзушылықтардың елеулі бөлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының жекелеген нормаларын дұрыс қолданбаумен ғана емес, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың жеткіліксіз пысықталуымен, сатып алу тәсілін дұрыс таңдамаумен және адал бәсекелестік қағидаттарының сақталмауымен байланысты.
Камералдық бақылау мемлекеттік аудит объектісіне бармай-ақ, қашықтықтан тұрақты негізде жүргізіледі және түрлі ақпарат көздеріндегі мәліметтерді, оның ішінде мемлекеттік сатып алу веб-порталы мен тәуекелдерді басқару жүйесінің деректерін салыстыру арқылы жүзеге асырылады. Оның негізгі мақсаты – бюджет қаражаты жұмсалғанға дейін бұзушылықтарды уақтылы анықтау және алдын алу.
2026 жылғы 20 мамырдағы жағдай бойынша Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен камералдық бақылаумен 15 021 мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Оның ішінде 1 407 жағдайда немесе жалпы көлемнің 9,4 %-ында тапсырыс берушілердің атына анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жолданды. Бақылау нәтижелерін талдау ең жиі кездесетін бірқатар бұзушылықтардың бар екенін көрсетеді.
Қаржы жылының басында жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі – бір көзден алу тәсілі арқылы шарттарды заңсыз ұзарту болып табылады. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 16-бабы 3-тармағының 35) тармақшасына сәйкес, егер тапсырыс берушінің күнделікті немесе апта сайынғы қажеттілігі болса, негізгі сатып алудың қорытындылары шығарылғанға және шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға жол беріледі. Алайда, бұл норма тек өткен жылғы өнім берушінің шартты ұзартудан бас тартқан жағдайда ғана және тек жылдың бірінші айы ішінде, сондай-ақ тапсырыс беруші жаңадан құрылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда ғана қолданылады.
Сонымен қатар, мұндай шарттардың қаржы жылының келесі айларында жасалған жағдайлары, сондай-ақ өнім берушінің шартты ұзартудан бас тартқанын растайтын құжаттарсыз рәсімделген фактілері де анықталды.
Кең таралған бұзушылықтардың бірі – сатып алу көлемін жасанды түрде бөлуге (дробление) байланысты. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алулар жүргізу кезінде жылдық біртекті тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтердің көлемі заңнамада белгіленген шекті мөлшерден асқаны анықталды. Алайда, сатып алуларды жеңілдетілген тәсілді қолдану мақсатында жасанды түрде бірнеше бөлікке бөлу фактілері орын алған.
Бұзушылықтардың едәуір бөлігі орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар тәртібінің сақталмауымен байланысты. Белгіленген шекті мәндерден асқан жағдайда сатып алулар бірыңғай ұйымдастырушы арқылы жүргізілуі тиіс. Алайда кейбір тапсырыс берушілер мұндай сатып алуларды өз бетінше жүзеге асырған.
Сондай-ақ бір көзден тікелей шарт жасасу арқылы сатып алу тәсілін заңсыз қолдану фактілері де анықталды. Кейбір жағдайларда бұл тәсіл біртекті тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің рұқсат етілген жылдық көлемінен асып кеткен кезде, сондай-ақ жылдық жоспарда ұқсас сатып алулардың болуына қарамастан қолданылған.
Конкурстық құжаттама мен техникалық ерекшеліктерді әзірлеу кезінде бұзушылықтардың жүйелі сипат алуы байқалады. Бақылау барысында сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша ұлттық немесе мемлекетаралық стандарттардың көрсетілмеген жағдайлары анықталды. Сонымен қатар, жекелеген техникалық ерекшеліктерде сипаттамалардың мемлекеттік тілде берілмеуі де заңнама талаптарының бұзылуы болып табылады.
Ең өзекті мәселелердің бірі – әлеуетті өнім берушілердің қатысуын шектейтін біліктілік талаптарын белгілеу болып қала береді. Жекелеген конкурстық құжаттамаларда нақты бір елді мекенде кеңсе мен өндірістік үй-жайлардың болуы туралы талаптар, сатып алу нысанынан туындамайтын еңбек ресурстарына қойылатын талаптар, сондай-ақ тек ТМД елдерінен тыс жерлерде алынған шетелдік университет дипломдары немесе кәсіби қайта даярлау туралы талаптар көзделген. Мұндай шарттар негізсіз кедергілер туғызып, адал бәсекелестік пен тең мүмкіндік қағидаттарын бұзады.
Әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау барысында берген ескертпелерін қарау кезінде де бұзушылықтар анықталды. Бірқатар жағдайларда ұйымдастырушылар қатысушылардың уәждеріне нақты талдау жасамай, даулы біліктілік талаптарын сақтап қалудың тиісті құқықтық негіздемесінсіз формалды түсіндірмелер берген. Сондай-ақ 2015 жылғы «Мемлекеттік сатып алу туралы» күші жойылған Заң нормаларына сілтеме жасау фактілері де орын алған.
Камералдық бақылау барысында рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнаманың сақталу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Лицензиялауға жататын немесе хабарлама тәртібін талап ететін қызметтерді сатып алу кезінде тапсырыс берушілер әлеуетті өнім берушілерде тиісті лицензиялардың немесе хабарламалардың болуына қойылатын міндетті талаптарды белгілемеген жағдайлар анықталды.
Мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттарға өзгерістер енгізу тәртібінің бұзылу жағдайлары жиі кездеседі. Шарт сомасын ұлғайтуға арналған қосымша келісімдер жұмыстар көлемінің ұлғаюын растайтын құжаттарсыз, жергілікті сметалар, ақау актілері және өзге де растаушы материалдарсыз жасалған. Бұл бірлік жұмыс құнының өзгермегенін растауға мүмкіндік бермеген.
Бақылау тәжірибесі мемлекеттік сатып алулардың қорытындылары шығарылып, жеңімпаз анықталғаннан кейін оларды тоқтату кезінде де бұзушылықтардың бар екенін көрсетеді. Сатып алулар тиісті құжаттамалық және құқықтық негіздемесіз тоқтатылған жағдайлар анықталды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес қорытындылар шығарылғаннан кейін техникалық сипаттамалардың қате көрсетілуіне байланысты сатып алуды тоқтату көзделмеген бола тұра, осындай негізбен тоқтату фактілері тіркелген.
Айта кету қажет, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың орындалмауы заңнамада көзделген жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғады. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 32-бабы 1-тармағына сәйкес, хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда мемлекеттік аудит объектілерінің шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру шаралары қолданылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының заңды талаптары мен нұсқамаларын орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес лауазымды тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің материалдары бойынша 2026 жылы соттар арқылы 31 мемлекеттік аудит объектісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Анықталған бұзушылықтар ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілердің құқықтық және әдістемелік даярлығын күшейту қажеттігін көрсетеді. Конкурстық құжаттаманы дұрыс қалыптастыру, тең жағдайларды қамтамасыз ету және бәсекелестікті шектеуге жол бермеу бюджет қаражатын тиімді әрі ашық жұмсаудың маңызды шарттары болып табылады.
Камералдық бақылау бұзушылықтардың алдын алудың тиімді құралы болып қала береді және оларды жоспардан тыс тексерулер жүргізбей-ақ уақтылы жоюға мүмкіндік береді. Процедураларды ұйымдастыру сапасын арттыру бұзушылықтар санын азайтуға және мемлекеттік сатып алулардың ашықтық, заңдылық және тиімділік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.