Түркістан облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2026 жылдың 10 ақпанында Түркістан облысы Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде аудиттік шара өткізді.
Аудит нәтижесінде жалпы сомасы 26 911,2 мың теңге болатын қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру барысында жалақыны есептеу кезінде заңнама талаптарының сақталмағандық фактілері белгіленді.
Атап айтқанда, қызметкерлердің жеке шоттарына есептеуге және төлеуге жататын жалақы сомасы №5-15А нысанындағы төлем құжаттары негізінде іс жүзінде жүргізілген төлемдермен салыстырылды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы мен Үкімет қаулысының талаптарына сәйкес жалақыны есептеу тәртібінен ауытқулар мен бұзушылықтар анықталды.
Анықталған бұзушылықтар мекемеде жалақыны есептеу және төлеу процесіндегі жүйелік қателерді көрсетеді.
Тексеру қорытындысы бойынша аудит нысанына анықталған бұзушылықтарды жою және бюджет қаражатын қалпына келтіру қажеттілігі туралы бұйрық жолданды.
Түркістан облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатын заңды, тиімді және мақсатқа сай пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.