Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызметшілерге арналған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге шолу» тақырыбында интерактивті пікірталас форматындағы лекция өткізілді. Лекцияны Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің басшысы, бизнес және басқару магистрі Садыкбеков Асхат Турсынханович жүргізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тәжірибелік түсіндірме жұмыстарын жүргізу болды.
Лекция барысында мемлекеттік сатып алу жүйесінің ел экономикасындағы маңызына тоқталып, бұл саланың бюджет қаражатын тиімді игерудегі негізгі құралдардың бірі екендігі айтылды. Сонымен қатар заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге, адал бәсекелестікті дамытуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Іс-шара барысында сатып алуды жоспарлау, конкурс өткізу тәртібі, бір көзден алу тәсілдері, әлеуетті өнім берушілерге қойылатын талаптар, шарттарды орындау мәселелері және камералдық бақылау бағытындағы жаңашылдықтар кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ мемлекеттік аудит тәжірибесінде жиі кездесетін қателіктер мен кемшіліктерге нақты мысалдар келтірілді.
Спикер өз сөзінде мемлекеттік сатып алу саласындағы негізгі мәселенің бірі – жоспарлау сапасы екенін атап өтті. Себебі көптеген тәуекелдер мен заң бұзушылықтар сатып алу рәсімі басталмай тұрып, қажеттілікті дұрыс айқындамаудан және техникалық ерекшеліктерді сапасыз әзірлеуден туындайды. Осыған байланысты қатысушыларға сатып алуды ұйымдастыру кезінде тиімділік, ашықтық және заңдылық қағидаттарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Лекция интерактивті пікірталас форматында өткендіктен қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, практикалық сұрақтарын қойды. Әсіресе мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы өзгерістер, мердігерлердің жауапкершілігі, шарттардың орындалуы және аудит барысында анықталатын тәуекелдер бойынша қызу пікір алмасу болды.
Кездесу соңында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жетік меңгеру – әрбір мемлекеттік қызметші үшін маңызды міндет екендігі айтылды. Себебі мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашық әрі тиімді болуы бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына және халық сенімінің артуына тікелей әсер етеді.
Осындай мазмұнды дәрістер мен пікірталас алаңдары мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімділік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.