Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит Департаменті 2025 жылдан бастап мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында онлайн бюджеттік мониторинг жүйесін тұрақты негізде қолданды. Аталған цифрлық жүйе бюджеттік шығыстарды нақты уақыт режимінде бақылауға, тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға және қаржылық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік берді.
Онлайн бюджеттік мониторинг – бюджеттік қаражаттың қозғалысын автоматтандырылған түрде талдайтын заманауи цифрлық платформа. Жүйе арқылы орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қаржы игеруі бойынша деректер жинақталып, талданып, тәуекел белгілері анықталған жағдайда уәкілетті органдарға жедел хабарламалар жолданады. Бұл өз кезегінде қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға және бюджет қаражатын тиімді басқаруға ықпал етеді.
Онлайн бюджеттік мониторинг жүйесі қазіргі таңда мемлекеттік қаржы саласында ашықтықты арттыруға, қаржылық тәртіпті нығайтуға және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құрал ретінде өз тиімділігін дәлелдеді.
2026 жылдың басынан Департамент «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі арқылы білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша 692 тәуекел қаралып, жалпы сомасы 177 556, 8 мың теңгені құрайтын 60 хабарлама жолданды.
Тексеру нәтижесінде «Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ-нің «Облыстық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2025 жылы және ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында мекеме есепшісі өзіне 2071,0 мың теңге және мекеме күзетшісіне 1793,2 мың теңге артық еңбекақы аударғаны анықталды. Барлығы 3864,2 мың теңге. Тиісті шаралар қабылданып, жалпы сомасы 2701,4 мың теңге бюджетке толығымен өтелді, қалған 1162,8 мың теңге мекеме шотына қайтарылды. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне жоғарыда аталған бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау және өздерінің ресми интернет-ресурстарында тиісті ақпаратты шығару жөнінде хат жіберіліп, мекеме басшысына «Сөгіс», мекеме есепшісіне «Қатаң сөгіс» жарияланды. Кейіннен мекеме есепшісі өз еркімен жұмыстан босатылды.
Бұл жағдай онлайн мониторинг жүйесінің тиімділігін дәлелдей отырып,мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуде ашықтық пен жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетті.