Қазіргі жағдайда мемлекеттік қаржыны басқару сапалы жоспарлауды ғана емес, сонымен бірге әрбір бюджеттік теңгенің пайдаланылуына қатаң бақылау жасауды талап етеді. Мемлекеттік аудит органдарының арсеналындағы ең тиімді құралдардың бірі — әкімшілік практика. Төмендегі материалда оның қаржылық тәртіпті нығайтудағы рөлі мен дамуының негізгі бағыттары қарастырылады.
Мемлекеттік аудиттегі әкімшілік практика — бұл қаржы заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша қатаң регламенттелген қызмет. Оның басты міндеті — лауазымды тұлғалардың қабылдаған басқарушылық шешімдері үшін дербес жауапкершілігі қағидатын іске асыру.
Бақылаудың өзге нысандарына қарағанда, әкімшілік іс жүргізу құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік беріп, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етеді. Бұл «жоспарлау – орындау – бақылау» жүйесінде қажетті теңгерімді қалыптастырады, мұнда бақылау мемлекеттік мүдделердің сақталуының кепілі ретінде көрініс табады.
Әкімшілік практиканың жыл сайынғы мониторингі бақылау органдарының ерекше назарын талап ететін басым бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді:
Мемлекеттік сатып алу саласы
Ең жиі кездесетін бұзушылықтар қатарына мыналар жатады: техникалық ерекшелікті қалыптастыру кезеңіндегі бұзушылықтар; мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту; тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде оларды лоттарға бөлмеу; өнім берушіні жоспарсыз қатысушы деп тану туралы талап-арыздарды бермеу немесе уақтылы бермеу; мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын орналастырмау немесе мерзімінен кешіктіріп орналастыру.
Бюджеттің атқарылуы
Жеке және лауазымды тұлғалардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы келесі нысандарда көрініс табады: бухгалтерлік есепті жүргізуден жалтару; бұрмаланған қаржылық есептілік жасау, есепте көрсетілуге тиіс деректерді жасыру; құжаттарға ұйымның шаруашылық және қаржылық қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат енгізу немесе құжаттарды жою; жария құқықтық ұйымның бас бухгалтері лауазымына кәсіби бухгалтер сертификаты жоқ тұлғаны тағайындау.
Сонымен қатар, бюджет қаражатын нысаналы емес пайдалану және негізсіз қайта бөлу (жылжыту) — әлеуметтік маңызы бар жобалардың уақтылы іске асырылуына тікелей әсер ететін бұзушылықтар болып табылады.
Бухгалтерлік есеп мәліметтерін бұрмалау мемлекеттік сектордың ашықтығына нұқсан келтіретін және сапалы болжам жасауды қиындататын елеулі құқық бұзушылық ретінде қарастырылады.
Мемлекеттік аудиттегі әкімшілік практика — бұл жай ғана жазалау шарасы емес, жауапты басқару мәдениетін қалыптастырудың пәрменді механизмі. Атқарушылық тәртіпті нығайту және мемлекеттік ресурстардың жұмсалу ашықтығы — тұрақты экономикалық өсудің іргелі шарттары.
Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департамент тарапынан 2025 жылы 466 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 48 млн теңге айыппұл салынды.
Әкімшілік айыппұлдар толық көлемде (100%) төленді.