Алматы қаласының ішкі мемлекеттік аудит департаменті Алматы қаласы Білім басқармасының «№15 гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қатысты электрондық аудит жүргізді. Тексеру 2025 жылдың 1 шілдесінен 2025 жылдың 30 қазанына дейінгі кезеңді қамтыды және «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулінің деректері бойынша анықталған тәуекелді төлемдер негізінде басталды. Аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 17,9 млн. теңге болатын қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Аудит қорытындысында атап өтілгендей, Мекеме жалақыны есептеу және төлеу тәртібін реттейтін заңнама ережелерін бұзған: ҚР Еңбек кодексінің 103-бабы (жалақы тек жұмыс берушінің құжаттарында есепке алынған нақты жұмыс істеген уақыт үшін ғана төленеді) және ҚР Бюджет кодексінің 41-бабы (бірінші басшы төлемдердің заңдылығы мен негізділігіне, реквизиттер мен сомалардың дұрыстығына, міндеттемелердің өз уақытында және толық орындалуына, сондай-ақ растайтын құжаттарды мемлекеттік қазына органдарына тапсыруға жауап береді).
Аудит барысында нақты жұмыс істелмеген уақыт үшін адамдардың карталық шоттарына ақша қаражатын артық аударудың сегіз жеке жағдайы анықталды, бұл жалпы сомасы 17 870 916,88 теңге болатын негізсіз төлемдерге әкелді.
Аудит нәтижелері бойынша гимназияға бұзушылықтарды жою және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы бұйрық жолданды.
Материалдар іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.