ҚР ҚМ ІМАК Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы сақтау шеңберінде тұрақты негізде камералдық бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау барысында сатып алуды ұйымдастырушылар тарапынан біліктілік талаптарын негізсіз белгілеудің жекелеген жағдайлары анықталды.
Мәселен, «Железин ауданы Ертіс ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ телефон байланысы қызметін сатып алуды өткізу туралы хабарландыру жариялады. Бұл ретте конкурстық құжаттамада Тапсырыс беруші «Инженер — 5 адам» еңбек ресурсы түріндегі біліктілік талабын белгіледі.
Алайда, аталған талап Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының нормаларына сәйкес келмейді. Атап айтқанда, еңбек ресурстарының болуы бөлігінде біліктілік талаптарын белгілеу заңсыз болып табылады, өйткені тиісті қызмет көрсету лицензиялауға жатады.
Лицензияның болуы өнім берушінің біліктілігін және оның кадрлық қамтамасыз етілуін растайды, осыған байланысты еңбек ресурстарының болуы қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді.
Артық немесе заңсыз біліктілік талаптарын белгілеу адал қатысушылардың сатып алуға қолжетімділігін шектейді, теңдік және ашық бәсекелестік қағидаттарын бұзады, сондай-ақ сатып алуды ұйымдастырушыға қатысты әкімшілік ықпал ету шараларына әкеп соғуы мүмкін.
Мұндай бұзушылықтарды анықтау фактілері бойынша Департамент тиісті ден қою шараларын қабылдайды. Аталған шаралар алдын алу сипатында болады және бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ сатып алуды жүзеге асыру кезінде заңдылық пен ашықтық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Департамент олардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін мониторингілеу және талдау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.