Қазақстан Республикасының Үкіметі конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұлттық режимнен шығарып тастауды екі жылдан аспайтын мерзімге белгілейді.
Ұлттық режимнен шығарып тастаулар қолданылатын тауарлар, жұмыстар және қызметтер тізбесі экономикалық орындылықты және ішкі нарықтың жай-күйін талдау негізінде қалыптастырылады.
Ал, шығарып тастауларды қолдану айрықша сипатқа ие және отандық өндірушілерді қолдау мен бюджет қаражатын тиімді әрі ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
Заңнаманың жекелеген нормалары, оның ішінде отандық өндірушілер үшін жеткізу мерзімдерінің ұлғайтылуы және аванстау тетіктері қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға, ел ішінде толық өндірістік циклды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұлттық экономиканың дамуына және мемлекеттік сатып алу жүйесіне отандық бизнестің қатысуын кеңейтуге қолайлы жағдай жасауға арналған.
Ағымдағы жылдың басынан бастап Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген камералдық бақылау нәтижелері бойынша тапсырыс берушілердің белгіленген мерзімдерді сақтамауына байланысты жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге 250 хабарлама жолдады.
Департамент мемлекеттік сатып алу саласында жүйелі бақылауды жалғастыруда және бұзушылықтарды уақтылы анықтау мен жою бойынша шаралар қабылдай отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған заңнама нормаларына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын, заңдылығын және тиімділігін қамтамасыз етеді.