Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатының тиімді, ашық және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты онлайн-мониторингті жалғастыруда. Бұл жұмыс қаржылық тәртіпті күшейту, тәуекелдерді дер кезінде анықтау және бюджет қаражатын негізсіз жұмсауға жол бермеу мақсатында жүргізіледі.
2026 жылдың қаңтар айында Департамент тарапынан жалпы сомасы 29,3 млн теңгеден асатын 63 тәуекелді төлемдер бойынша 20 хабарлама жолданды. Оның ішінде Қызылорда қаласы, Арал, Жаңақорған, Қармақшы аудандарының білім беру ұйымдарында бюджет қаражатын негізсіз және қате аудару фактілері анықталды. Тәуекелді операциялардың негізгі бөлігі білім беру саласына тиесілі — 22,1 млн теңге. Сондай-ақ, спорт саласында — 2,9 млн теңгеге, мәдениет саласында — 4,3 млн теңгеге тәуекелді төлемдер анықталды.
Нәтижесінде қаңтар айында анықталған негізсіз төлемдердің жалпы көлемі 3,8 млн теңгені құрады. Аталған сома мемлекеттік бюджетке және білім беру ұйымдарының шоттарына қайтарылды.
Атқарылған жұмыс нәтижелері Департаменттің бюджет тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге, тәуекелді операцияларды дер кезінде анықтауға және қаржылық заңнаманың бұзылуына жол бермеуге бағытталған жүйелі жұмысының жоғары тиімділігін дәлелдейді. Бұл мемлекеттік қаражаттың негізді және мақсатты пайдаланылуына ықпал етеді.