Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №598 «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Жамбыл облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алуларға камералды бақылау жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді.
Бақылаудың мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарды уақтылы тоқтату және болдырмау, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды мемлекеттік аудит объектісіне өз бетінше жою құқығын беру, сондай-ақ, мемлекеттік аудит объектілеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайту.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде мемлекеттік сатып алулардың 21 527 рәсімінің ішінен 21 378 рәсімі қамтылды, бұл жалпы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің 99,3%-н құрайды.
Жүргізілген камералды бақылау қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін жергілікті департамент тарапынан ұйымдастырушыға/тапсырыс берушіге 1650 хабарлама жолданды. Оның ішінде 1627 хабарламасы орындалды. Бұл жолданған хабарламалардың жалпы санының 98,6%-ын құрайды.
Хабарламаларды уақтылы және тиісінше орындамағаны үшін 13 хаттама жасалып, сот органдарына жолданды. Жіберілген хабарламалар нәтижесінде мемлекеттік сатып алулардың қорытындылары бойынша хаттамалар қайта рәсімделді.
Сонымен қатар, есепті кезеңде аталған департамент жүргізген мемлекеттік сатып алулар бойынша бақылау кезінде заңды және жеке тұлғалардан 480 шағым түскен, оның ішінде: 70 шағымы толық немесе ішінара қанағаттандырылып, 336 шағым қанағаттандырылмады және 56 шағым қайтарылған.