Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит Департаменті 2025 жылдан бастап мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында бюджетке онлайн бақылау жүргізу жүйесін тұрақты негізде қолданып келеді. Аталған цифрлық жүйе бюджет шығыстарын нақты уақыт режимінде бақылауға, тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға және қаржылық тәртіпті нығайтуға жағдай жасайды.
Онлайн бюджеттік мониторинг – бюджеттік қаражаттың қозғалысын автоматтандырылған түрде талдайтын заманауи цифрлық платформа. Жүйе арқылы орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қаржыны тиімді игеруі бойынша деректер жинақталып, әрі талданып, тәуекел белгілері анықталған жағдайда уәкілетті органдарға жедел хабарламалар жолданады. Бұл өз кезегінде қаржылық заң бұзушылықтардың алдын алуға және бюджет қаражатын дұрыс басқаруға ықпал етеді.
Бюджетке онлайн бақылау жасау жүйесі қазіргі таңда мемлекеттік қаржы саласында ашықтықты арттыруға, қаржылық тәртіпті нығайтуға және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құрал ретінде өз тиімділігін дәлелдеді.
2026 жылдың қаңтар айында да Департамент «Бюджетті онлайн бақылау» жүйесі арқылы білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша 393 тәуекел қаралып, жалпы сомасы 107 971,7 мың теңгені құрайтын 22 хабарлама жолданды.
Тексеру нәтижесінде “Ақтөбе облысының білім басқармасы Байғанин ауданының білім бөлімі” мемлекеттік мекемесінде 2024 жылдың наурыз айында жалпы сомасы 68,0 мың теңге еңбекке жарамсыздық жәрдемақысы артық төленген, тиісті шаралар қабылданып, жалпы сомасы 68,0 мың теңге бюджетке толығымен қайтарылды. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне жоғарыда аталған қаржылық заң бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау және өздерінің ресми ғаламтор ресурстарында тиісті ақпаратты шығару жөнінде хат жіберілді.
Бұл жағдай онлайн мониторинг жүйесінің тиімділігін тағы да дәлелдеді және мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуде ашықтық пен жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетті.