Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 мамырдағы №223 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларында мемлекеттік мекемелердің өздерінің есептік ақпараттық жүйесінен интеграциялық сервистер арқылы бухгалтерлік операциялардың бірыңғай деректер қоймасына күн сайын мәліметтерді беруі көзделген.
Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік операцияларының орталықтандырылған деректер қорына жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бухгалтерлік есепте операцияларды көрсетуде бұзушылық қаупі жоғары объектілер туралы мәліметтерді қалыптастырып, аумақтық департаменттерге жолдады.
Тапсырманы орындау аясында Ақмола облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бес мемлекеттік мекемеде аудиторлық іс-шаралар жүргізді.
Аудиторлық іс-шаралар нәтижесінде жалпы сомасы 16 750,5 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Төрт лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, бес тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұзушылықтар жойылды.
Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік операцияларының орталықтандырылған деректер қорын мониторингілеуді іс жүзінде қолдану интеграциялық сервистерді енгізудің тиімділігі мен өзектілігін көрсетті. Бұл ішкі бақылау мен тәуекелдерді басқару жүйесінің, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізудің жұмыс істеу сапасын арттыруға септігін тигізеді.