Қазақстан Республикасының ішкі мемлекеттік аудит органдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылдың 12 айы ішінде аудиторлық іс-шаралар мен камералдық бақылауды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізді.
Есепті кезеңде 62 аудиторлық іс-шара жүргізілді.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша бюджет заңнамасының талаптарын бұзу фактілері жалпы сомасы 43 030,9 млн теңгеге анықталды, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар — 36 975,6 млн теңге, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар — 6 055,2 млн теңге.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталмауы бойынша жалпы сомасы 3 473,4 млн теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік сатып алу қорытындыларына әсер еткен бұзушылықтар — 3 318,0 млн теңге.
Аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша бюджетке қалпына келтіруге, өтелуге және есепке алынуға жататын қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 36 975,6 млн теңгені құрады, оның ішінде 35 025,9 млн теңге қалпына келтірілді, өтелді және есепке алынды.
Аудит объектілерінің мекенжайларына орындау мерзімі есепті күнге аяқталған 49 нұсқама жолданды. Барлық нұсқамалар аудит объектілерімен толық көлемде орындалды.
Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша аудит объектілерінің 84 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 1 лауазымды тұлға атқаратын қызметінен босатылды.
Процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жалпы сомасы 368,9 млн теңгені құрайтын 2 аудит материалы жолданды, оның ішінде:
Аулиекөл ауданы әкімдігінің «Қушмұрын жылу энергетикалық компаниясы» МКК және Аулиекөл ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бойынша — кәсіпорын қызметкерлеріне жалақының негізсіз төленуі және негізгі құралдардың жетіспеушілігі фактілері бойынша; қылмыстық іс сотқа жолданды;
Қостанай облысы әкімдігінің Білім басқармасына қарасты Сарыкөл ауданының «Білім бөлімі» ММ бойынша — «Тимирязев жалпы білім беретін мектебі» КММ ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жобасы бойынша орындалған жұмыстар актілері болмаған жағдайда негізсіз төлем жасау фактісі бойынша; Сарыкөл ауданының прокуратурасы тексеру іс-шараларын жүргізуде.
Аулиекөл ауданы әкімдігінің «Қушмұрын жылу энергетикалық компаниясы» МКК бойынша материалдар негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен № 253900011000011 қылмыстық іс қозғалып, 2025 жылғы 19 қыркүйекте Аулиекөл аудандық сотына жолданды.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген камералдық бақылау нәтижелері бойынша жалпы сомасы 13 888,8 млн теңгеге 2 058 хабарлама жолданды, оның ішінде 13 818,8 млн теңгеге 2 032 хабарлама орындалды.
Қостанай облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет заңнамасының және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты өз құзыреті шегінде жүйелі негізде жалғастыратын болады.