Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатының тиімді, ашық және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты онлайн-мониторингті жалғастыруда. Бұл жұмыс қаржылық тәртіпті күшейту, тәуекелдерді дер кезінде анықтау және бюджет қаражатын негізсіз жұмсауға жол бермеу мақсатында жүргізіледі.
2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында Департамент тарапынан жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын тәуекелді төлемдер бойынша 835 хабарлама жолданды. Рискті операциялардың негізгі бөлігі білім беру саласына тиесілі — 3010,6 млн теңге. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында — 18,5 млн теңгеге, спорт саласында — 15,1 млн теңгеге, мәдениет саласында — 17,7 млн теңгеге тәуекелді төлемдер анықталды.
Қараша айында Қазалы, Жалағаш аудандарының білім беру ұйымдарында бюджет қаражатын негізсіз аудару фактілері анықталды. Бұл бұзушылықтар қаржылық операциялар тәртібінің сақталмауымен және бақылаудың жеткіліксіздігімен байланысты болды. Жүргізілген талдау мен аудит нәтижелері бойынша Департамент тиісті тәуекелді төлемдер туралы хабарламалар жолдады.
Нәтижесінде негізсіз аударылған барлық қаражат толық көлемде мемлекеттік бюджетке қайтарылды.
Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға заңнамаға сәйкес тәртіптік шаралар қолданылды. Бұл олардың жеке жауапкершілігін арттыруға және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған.
Қараша айында Қармақшы ауданының білім беру мекемесінде ашылған аудиторлық іс шара барысында 1,5 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын негізсіз аудару деректері анықталды.
Жыл басынан бері анықталған негізсіз төлемдердің жалпы көлемі 137,1 млн теңгені құрады. Оның 123,4 млн теңгесі мемлекеттік бюджетке және білім беру ұйымдарының шоттарына қайтарылды.
Атқарылған жұмыс нәтижелері Департаменттің бюджет тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге, тәуекелді операцияларды дер кезінде анықтауға және қаржылық заңнаманың бұзылуына жол бермеуге бағытталған жүйелі жұмысының жоғары тиімділігін дәлелдейді. Бұл мемлекеттік қаражаттың негізді және мақсатты пайдаланылуына ықпал етеді.