Қаржылық есептілік — мемлекет, инвесторлар және қоғам ұйымның басқару сапасын және тәртіп деңгейін көретін айна іспетті.
Заңнама да ойынның нақты ережелерін белгілейді. 2022 жылғы 28 қаңтардағы №94 Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген Қоғамдық мүдде ұйымдарының қаржылық есептілікті депозитарийге тапсыру қағидаларының 3 және 6-тармақтарына сәйкес, әрбір ұйым есепті жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей қаржылық есептілігін «Ақпараттық есеп орталығы» АҚ интернет-ресурсы арқылы депозитарийге жолдауы тиіс.
Егер ұйым «Аудиторлық қызмет туралы» Заңға сәйкес міндетті аудитке жатса, ол уәкілетті ұйымға PDF форматындағы аудиторлық есепті де жіберуге міндетті. Еншілес ұйымдары бар құрылымдар үшін бұл — шоғырландырылған қаржылық есеп. Аудиторлық қорытынды — жай формальдылық емес, заң талаптарын толық орындаудың негізгі шарты.
Осы себепті Департамент қоғамдық мүдде ұйымдарының есепті уақытылы және талапқа сай тапсыруын жүйелі түрде бақылауда ұстайды. Дегенмен өңірдегі жағдай атқарылар жұмыстың әлі де бар екенін көрсетеді.
2025 жылғы деректер бойынша Ұлытау облысында 77 қоғамдық мүдде ұйымы тіркелген. Олардың ішінде: 22 ұйым жылдық қаржылық есептілікті тапсырмаған; 18 ұйым аудиторлық есепті жібермеген; барлығы 40 ұйым заң талаптарын бұзған.
Жүргізілген бақылау және профилактикалық шаралардың нәтижесінде Ұлытау облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 239 және 250-баптарына сәйкес шаралар қабылдады.
Сол 40 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бюджетке 6,3 млн теңге өндірілді.