Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі шеңберінде бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына мониторинг жүргізеді.
Білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт саласындағы жалақы төлеуге бағытталған бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейту мақсатында тұрақты негізде тәуекел бейіндері бойынша жалақы төлеу мониторингі жүргізіледі. Тәуекел расталған жағдайда, дереу шаралар қабылдау үшін мониторинг объектісіне бюджеттік бағдарламалардың әкімшісін хабардар ете отырып, хабарламалар жіберіледі.
2025 жылғы қаңтардан қараша айына дейінгі кезеңде ОБМ арқылы еңбекақы төлемдерін мониторингтеу нәтижесінде барлығы 3 226 төлем қамтылды (оның ішінде: білім беру саласында – 2 394, дене шынықтыру және спорт саласында – 353, денсаулық сақтау саласында – 254, мәдениет саласында – 225). Оның ішінде білім беру, мәдениет және спорт объектілері бойынша 436 төлемде жалпы сомасы 22,2 млн. теңге көлемінде тәуекелдер расталды, аталған мекемелерге тиісті хаттар жолданды.
Бюджетке 16,9 млн теңге қайтарылды, қалған сома бекітілген кестеге сәйкес өтелуде.
Ағымдағы жылдың қараша айында «Лауазымдар бөлінісінде артық қаражат аудару тәуекелі» расталуына байланысты Қарағанды облысы білім басқармасының «Ақтоғай ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінде электрондық аудит жүргізілді. Аудит барысында негізгі жұмыс орны мен қосымша жұмыс бойынша күнделікті жұмыс ұзақтығының жиынтық нормасы 4 сағаттан артық асып кеткендіктен хатшы‑машинист, шаруашылық меңгерушісі және кітапханашы лауазымдары бойынша, сондай‑ақ еңбек өтілін артық көрсету және қосымша атқарылған лауазымдарға ерекше еңбек жағдайлары үшін үстеме ақы есептеу есебінен жалпы сомасы 3,0 млн. теңге көлемінде негізсіз еңбекақы төленгені анықталды.
Аудит қорытындысы бойынша негізсіз төлемдер толық көлемде бюджет кірісіне қайтарылды.