Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Онлайн-бюджеттік мониторинг» модулінің деректері негізінде Олимпиадалық резервтің №3 Мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жоспардан тыс аудит жүргізді.
Модуль спорттық ұйымның қызметкерлеріне жалақы және қосымша төлемдер ретінде рәсімделген тәуекелді аударымдардың белгілері бар қаржылық операцияларды анықтады.
Нәтижесінде, тексеру барысында қызметкерлерге лауазымдарды қоса атқару үшін негізсіз қосымша төлемдер есептелгені және төленгені, сауықтыруға арналған жәрдемақының шектен тыс мөлшерде төленгені, сондай-ақ ынталандырушы төлемдер 8,7 млн теңге сомасында төленгені анықталды.
Сонымен қатар, ынталандырушы төлемдердің толық есептелмеген фактілері 1,1 млн теңге сомасында анықталды, яғни кейбір жағдайларда қызметкерлер өздеріне тиесілі қаражатты толық алмаған.
Аудиторлық іс-шара нәтижесі бойынша аудит нысанына анықталған бұзушылықтарды жою және жауапты лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау туралы нұсқама берілді.
Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті елорданың әлеуметтік сала мекемелерінде ашықтықты арттыру және заңсыз қаржылық әрекеттерді болдырмау мақсатында бюджеттік операциялардың онлайн-мониторингі құралдарын қолдануды жалғастыруда.