Корпоративтік оқиғалар, аффилиирленген тұлғалардың тізімдері, аудиторлық қорытындылар және ұйымдардың, оның ішінде жария мүдделі ұйымдардың (ЖМҰ) жылдық қаржылық есептілігі туралы ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында елімізде қаржылық есептіліктің депозитарийі жұмыс істейді.
Анықтама үшін: ЖМҰ қатарына қаржы ұйымдары, мақсатты капитал қорлары, акционерлік қоғамдар (коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушылар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндірушілерден басқа), астық қабылдау кәсіпорындары, үлестік құрылыс саласындағы құрылыс салушылар мен уәкілетті компаниялар, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік монополия және арнайы құқық субъектілері, сондай-ақ мемлекет қатысатын және онымен аффилиирленген заңды тұлғалар жатады.
Әрекетсіз ұйымдар мен есепті жылдың 1 қаңтарына дейін банкрот деп жарияланғандардан басқа, ЖМҰ жыл сайын қаржылық есептілікті депозитарийге есепті жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей ұсынуға міндетті.
Осыған байланысты Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (Департамент) депозитарий деректерін мониторингтеу және мерзімдерді бұзу, есептіліктен бас тарту немесе оны ұсынбау, сондай-ақ міндетті аудиттен жалтару жағдайларында ЖМҰ-ның әкімшілік жауапкершілігін қарау мәселесін қозғау арқылы деректердің ашықтығын арттыруға өз үлесін қосуда.
Тиісті әкімшілік жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 239 және 250-баптарында көзделген.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңі ішінде Департамент 280 ЖМҰ-ны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 98,7 млн теңгені құрады.
Департамент қаржылық есептіліктің уақтылы ашылуын қамтамасыз ету және осы саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.