2025 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес, Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті №1 Қалалық емханасына сәйкестік аудитін жүргізді.
Аудит нәтижелері бойынша медициналық ұйымда бюджет және өзге де заңнаманың жалпы 640,7 млн теңге сомаға бұзылғаны анықталды, оның ішінде 12,4 млн теңге – қаржылық бұзушылықтар, 628,3 млн теңге – рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар.
Атап айтқанда, аудит Даму жоспарын нақтылау және түзету кезінде жіберілген кемшіліктерді, сондай-ақ бюджет қаражатын екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне заңсыз орналастыру фактілерін анықтады, бұл депозиттер бойынша алынған сыйақылар республикалық бюджет кірісіне аударылмаған.
Қызметкерлерге еңбекақы мен қосымша төлемдерді артық төлеу, бензин шығысының бекітілген нормаларын асыра пайдалану, сондай-ақ бухгалтерлік есеп жүргізу мен мемлекеттік сатып алуларда заң бұзушылықтар тіркелді.
Емханаға анықталған бұзушылықтарды жою және бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жолданды.
Бүгінгі күні нұсқама толық көлемде орындалды: республикалық бюджетке 8,9 млн теңге, емхана кірісіне 1,5 млн теңге өтелді.
Жіберілген бұзушылықтар үшін 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 4 жауапты қызметкерге ескерту немесе сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды.