Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізуде. Бақылау заманауи «Онлайн-бюджеттік мониторинг» жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады, бұл тәуекелді төлемдерді жедел анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Департамент тарапынан тәуекелді қаржылық операциялар анықталған жағдайда тиісті басқармаларға қарасты мекемелерге үнемі хабарламалар жолдайды. Бұл жұмыс бюджет қаражатының пайдаланылу ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мониторинг қорытындысы бойынша Білім басқармасына қарасты мекемелерге жалпы сомасы 451,1 млн теңгені құрайтын 1027 жағдай бойынша 171 хабарлама жолданды. Нәтижесінде бюджетке 14,5 млн теңге қайтарылды, сондай-ақ 4,8 млн теңге хабарламалар жіберілгенге дейін өтелген.
Денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерге 46 жағдай бойынша жалпы сомасы 19,2 млн теңгені құрайтын 8 хабарлама жолданды, оның ішінде бюджетке 6,3 млн теңге қайтарылды.
Мәдениет және спорт басқармасына қарасты мекемелерге 169 жағдай бойынша жалпы сомасы 138 млн теңге болатын 23 хабарлама жіберіліп, бюджетке 1 млн теңге өтелді.
Жалпы, 2025 жыл қорытындысы бойынша Департаменттің хабарламалары аясында бюджетке 21,8 млн теңге қайтарылды.
Атқарылған жұмыс өңірдің әлеуметтік салаларына бөлінетін мемлекеттік қаражаттың тиімді, мақсатты және ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі тәсілді айғақтайды.