Мемлекеттік сатып алулар саласында жүргізілген камералдық бақылау барысында мамандар қолданыстағы шарттарға қосымша келісімдер жасасу кезінде заңнаманың сақталмау фактілерін анықтады. Әңгіме сатып алынатын жұмыстар мен қызметтердің көлемін негізсіз ұлғайту және бірлік бағасының өзгеріссіздігін растайтын құжаттардың болмауы туралы болып отыр. Бұл талаптар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңында нақты белгіленген.
Осындай қосымша келісімдерді жасасудың негізі – аталған Заңның 18-бабы 2-тармағының 3) тармақшасы. Онда келісімшарт сомасын тек үнемделген қаражат есебінен және тауардың, жұмыстың немесе қызметтің бірлік бағасы өзгеріссіз сақталған жағдайда ғана түзетуге жол берілетіні көрсетілген. Яғни, сатып алу көлемін арттыруға тек нақты негіз болған жағдайда – мысалы, үнем пайда болғанда – және бірлік баға өзгермеген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде кейбір тапсырыс берушілер сатып алу көлемін ұлғайтудың негізділігін растай алмады. Сондай-ақ қызметтердің бірлік бағасының бұрынғы деңгейде сақталғанын дәлелдейтін құжаттар ұсынылмаған.
Нәтижесінде бақылау қорытындысы бойынша жалпы сомасы 520,12 миллион теңгені құрайтын 94 хабарлама жолданды. Әрбір тапсырыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою және өз әрекеттерін «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарына сәйкестендіру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.