Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті ай сайын бюджет қаржысына онлайн мониторинг жүргізу жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда қаржылық бақылау білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларының жоғары тәуекелді төлемдеріне бағытталған.
Осы орайда, 2025 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес Департамент тарапынан тәуекелді төлемдерге қатысты жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам 830 хабарлама жолданған. Оның ішінде: білім беру саласына – 2 998,7 млн теңгеге, денсаулық сақтау саласына – 18,5 млн теңгеге, спорт саласына – 15,1 млн теңгеге, мәдениет саласына – 17,7 млн теңгеге.
Облыс бойынша 3 білім беру ұйымына онлайн бюджеттік мониторинг негізінде жоспардан тыс аудиттік іс-шара тағайындалып, нәтижесінде 33,4 млн теңгеден астам қаржылық бұзушылық анықталды.
Қыркүйек айында Жаңақорған ауданының білім беру мекемелерінде бюджет қаражатын негізсіз аудару деректері анықталды. Тиісінше хабарламалар жолданып, негізсіз аударылған қаржылар қайтарылды. Жауапты лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылды.
Жыл көлемінде анықталған негізсіз төлемдердің жалпы сомасы 127,1 млн теңгені құрап отыр. Оның ішінде 116,3 млн теңгесі бюджетке және білім беру ұйымдарының шоттарына қайтарылды.
Бұл көрсеткіштер Департамент тарапынан бюджеттік тәртіптің сақталуымен қатар, заң бұзушылықтарды алдын ала анықтау және оларды дер кезінде жою бағытындағы тиімді жұмыстың нәтижесі болып табылады.