Ұлытау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылау бөлімі 2025 жылдың тоғыз айындағы азаматтар мен ұйымдардан түскен өтініштер бойынша жұмыстың қорытындыларын шығарды. Сандық мәліметтер бұл бағыттағы жұмыстың маңызын айқын көрсетеді: есепті кезеңде барлығы 375 өтініш қабылданды, оның ішінде 220 – өтініштер (59%), 138 – шағымдар (38%) және 17 – өзге де хаттар, соның ішінде сұрау салулар мен пікірлер (3%).
Айта кетерлігі, 35 өтініш құзыреттілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданған. Бұл өзара ведомстволық ықпалдастықтың жоғары деңгейін және әрбір өтініштің назардан тыс қалмайтынын көрсетеді.
Түскен өтініштердің мазмұнын талдау көрсеткендей, олардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуына қатысты. Бұл салада ашықтық пен заң талаптарын сақтау – аса маңызды. Өтініш берушілер жиі көтеретін мәселелердің қатарында негізсіз біліктілік талаптарын қою, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің нақты сипаттамасының болмауы, сондай-ақ өнімге стандарттардың болмауы бар. Сонымен қатар азаматтар мен бизнес өкілдері тендер нәтижелеріне және олардың өткізілу тәртібіне қатысты алаңдаушылық білдіреді.
Бұл деректер қоғамның мемлекеттік процестерге бақылауды күшейтіп келе жатқанын және азаматтардың өтініштері билік пен қоғам арасындағы кері байланыстың маңызды тетігіне айналғанын айғақтайды.
Департамент өкілдері атап өткендей, өтініштерді қарау тек формалды жауап берумен шектелмейді. Әрбір өтініш – бұл назар мен талдауды қажет ететін маңызды сигнал, қажет болған жағдайда бақылау тәсілдерін жетілдірудің негізі.
«Біздің мақсатымыз – шағымдарды жай ғана қарау емес, мемлекеттік аудит жүйесіне деген сенімді арттыру және процестердің ашықтығын қамтамасыз ету», – дейді камералдық бақылау бөлімінің мамандары.
Алдағы уақытта департамент азаматтар мен бизнес өкілдерімен өзара іс-қимылдың тиімділігі мен ашықтығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Бұл ретте «еститін мемлекет» қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру басты назарда болмақ. Себебі осындай механизмдер арқылы қоғам мен мемлекеттің арасындағы сенімге, жауапкершілік пен өзара құрметке негізделген шынайы әріптестік қалыптасады.