Мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша Жезқазған қаласының «Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталды. Әңгіме қаланың бас жоспарын әзірлеу жөніндегі жұмыстарға жасалған келісімшартқа қосымша келісім бекіту туралы болып отыр. Бұл құжат қаланың болашақ дамуын, көлік жүйесін, инженерлік инфрақұрылымды, абаттандыру мен көгалдандыруды айқындайтын маңызды жоспар болып саналады.
Алайда тексеру нәтижелері көрсеткендей, қосымша келісім заңды негізсіз және нақты жұмыстар көлемінің ұлғаюына себепсіз түрде жасалған. Бұдан бөлек, тапсырыс беруші орындалмаған жұмыстар үшін 18,2 миллион теңге көлемінде ақы төлеген. Бұл қаражат қала үшін нақты қажет жобаларға бағытталуы тиіс еді.
Аудит объектісіне қаржылық бұзушылықтарды жою және бюджетке келтірілген залалды өтеу жөнінде нұсқама берілді. Нұсқаманы орындау мерзімі әлі келмегенімен, мұндай жағдайдың өзі мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану фактісіне қоғам тарапынан орынды сұрақтар тудырады: қалай және не себепті осындай жауапсыздыққа жол берілді?
Қоғам ашықтықты, жауапкершілікті және болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын күтеді. Себебі әрбір бюджет теңгесі – азаматтардың еңбегімен жиналған қаражат, оны орнымен және адал жұмсау – мемлекет алдындағы ең басты парыз.