Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін, азаматтардың билікке деген сенімін төмендететін және мемлекеттік ресурстардың тиімді пайдаланылуына тосқауыл қоятын ең өткір мәселелердің бірі болып қала береді. Әсіресе мемлекеттік қызмет саласында бұл мәселе өзекті, себебі жемқорлық көріністері мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіріп, қабылданатын шешімдердің әділдігіне әсер етуі мүмкін.
Сыбайлас жемқорлықтың туындауына әсер ететін негізгі себептердің бірнешеуі бар. Біріншіден, мемлекеттік органдар қызметіндегі ашықтық пен бақылаудың жеткіліксіздігі. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу мен ынталандыру жүйесінің жетілмегендігі, яғни кәсіби және этикалық қасиеттердің әрдайым басты назарда болмауы.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы әрекет ету мақсатында арнайы заңдар мен бағдарламалар қабылданған.
Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шараларды дәйекті түрде жүзеге асыруда. Қазақстанда мемлекеттік органдар қызметіне ашықтық, есептілік және адалдық қағидаттарын енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алуға бақылау күшейтіліп, ішкі және сыртқы аудит тетіктері жетілдірілуде. Сондай-ақ цифрландыру процестері дамып, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы тікелей байланыс азайтылуда.
Әрбір азамат заңды сақтап, пара бермеу және алмау қағидатын ұстанып, бұзушылықтар туралы хабарлап, адалдықты қолдаса, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі біртіндеп төмендейді. Таза, ашық және әділ билік – мықты әрі сыйлы мемлекеттің негізі.