Жыл сайын қазан айынан бастап Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімі келесі жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Тізбе тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) негізінде қалыптастырылады, ол әрбір ықтимал аудит объектісінің тәуекел деңгейін бағалауға және оны үш топтың біріне жатқызуға мүмкіндік береді: «жоғары», «орта» немесе «төмен» тәуекел.
Тәуекел деңгейін есептеу кезінде келесі көрсеткіштер ескеріледі:
• республикалық бюджеттің болуы;
• соңғы үш жылдағы қаржыландыру көлемі;
• жалпы қаржыландыру көлемі;
• соңғы тексерудің күні;
• соңғы тексеру түрі.
Осы көрсеткіштер негізінде әрбір объектіге балл беріледі, олардың нәтижесі бойынша оның белгілі бір тәуекел тобына жататыны айқындалады. Жобалық тізбеге жоғары және орта деңгейдегі тәуекелге ие объектілер енгізіледі. Ревизиялық комиссиямен келісілгеннен кейін тізбе бекітіледі.
Қалыптастырылатын тізбе объектілердің салалар бойынша бөлінуін (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және басқа да салалар), аудиттің түрлері мен типтерін, өткізу мерзімдерін, жоспарланған қамту сомаларын, сондай-ақ Департаменттің жауапты құрылымдық бөлімшелерін көрсетуді қамтиды.