2024 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің Тізбесіне сәйкес, Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар басқармасының қаржылық есептілігіне аудит жүргізді.
Аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1 254,1 млн теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде:
- қаржылық бұзушылықтар 23,1 млн теңгені құрады, олар бухгалтерлік есепте дұрыс көрсетілуі арқылы қалпына келтірілуі тиіс;
- рәсімдік бұзушылықтар 1 231 млн теңгені құрады.
Бухгалтерлік есеп талаптарының жекелеген бұзушылықтары анықталды, атап айтқанда:
- ақша қаражаттары, қаржылық инвестициялар, дебиторлар мен кредиторлармен есеп айырысулар, сондай-ақ бюджет пен мемлекеттік қорлар алдындағы міндеттемелер бойынша түгендеу жүргізілмеген;
- 1,3 млн теңге сомасына тіркеу нөмірлік белгілері қорлар шоттарында алдын ала есепке алынбастан берілген;
- контейнерлерді есепке алу кезінде қателіктер жіберілген, олар негізсіз негізгі құралдар шоттарына жатқызылып, бухгалтерлік есептің 1 230,9 млн теңгеге бұрмалануына әкелген;
- Активтердің баланстық құнынан тозу шифрын дұрыс қолданбау салдарынан амортизация негізсіз 15 млн теңгеге артық есептелген;
- Нақты жоқ болуына байланысты пайдаланылмаған активке 6,7 млн теңге сомасына амортизация негізсіз есептелген
Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтар жылдық есептілік жасалғанға дейін түзетіліп, бухгалтерлік есепте тиісті жазбалармен қалпына келтірілді.
Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қаржылық есептілігінің анықтығын, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілігінің сапасын арттыру жөніндегі саясатты іске асыруды жалғастырады.