2025 жылдың шілде айында «Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі тарапынан мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы «Дизельді жанармай» тауарын сатып алуға бағалық ұсыныстар сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу жарияланған болатын.
Аталған сатып алуға байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан камералдық бақылау жүргізілді. Бақылау барысында техникалық ерекшеліктерге қойылған талаптар мен рәсімдердің мемлекеттік сатып алу тәртібіне сәйкестігі мұқият зерделеніп, ақпараттар жинақталып, талданды және бағаланды.
Камералдық бақылау нәтижесінде ұйымдастырушы тарап тарапынан маңызды талаптардың бірі – техникалық ерекшелікті мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсыну міндеті сақталмағаны анықталды. Яғни, сатып алу құжаттамасы тек орыс тілінде жарияланған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік сатып алудағы екі тілде жариялау талабын бұзу болып табылады және қатысушылардың тең мүмкіндіктерін шектейді.
Анықталған бұзушылықтар негізінде «Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесіне мемлекеттік сатып алуға қатысты заңнамалық талаптарды сақтау жөнінде ресми хабарлама жолданды. Қазіргі таңда департамент жолдаған ескертулер толық көлемде және тиісті деңгейде орындалған.
Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу үдерісінде заң талаптарының қатаң сақталуы қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Камералдық бақылау – бюджет қаржысының тиімді әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз ететін маңызды тетік ретінде заңбұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді.