2025 жылдың шілде айында «Түркістан халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы тарапынан мемлекеттік сатып алулар веб-порталы арқылы бағалы ұсыныстарға сұраным тәсілімен «Оқшаулағыш трансформатор» тауарын сатып алуға мемлекеттік сатып алу жарияланған.
Аталған мемлекеттік сатып алуға қатысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан камералдық бақылау жүргізілді. Бақылау барысында ұсынылған техникалық ерекшеліктерде көрсетілген талаптар бойынша ақпараттар жинақталып, талданып және бағаланды.
Камералдық бақылау нәтижесінде сатып алу құжаттамасында өнім берушілерге нақты бір өндірушіні — «YouYang» маркасын көрсету арқылы артықшылық беру жағдайы анықталды. Мұндай талаптар басқа өнім берушілердің қатысу мүмкіндігін шектеп, әділ бәсекелестікке кері әсер етеді.
Осыған байланысты, «Түркістан халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына мемлекеттік сатып алу рәсімдерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру туралы ресми хабарлама жолданды. Қазіргі уақытта Департамент жолдаған ескертулер толық көлемде орындалып, сатып алу құжаттамасы тиісті деңгейде реттелген.
Бұл жағдай мемлекеттік сатып алудағы ашықтық пен бейтараптықты қамтамасыз етуде камералдық бақылаудың маңызды құрал екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мұндай бақылау шаралары бюджет қаражатының тиімді және заңға сай жұмсалуына оң әсерін тигізеді.