Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Сарыағаш аудандық Қажымұқан атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ішкі аудит жүргізді. Аудит «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесінде тіркелген тәуекелдер негізінде ұйымдастырылды.
Тексеру барысында мекемеде еңбек ақы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде заңнама талаптарының толық сақталмағаны анықталды. Атап айтқанда, кейбір қызметкерлерге жалақы мен сауықтыруға арналған төлемдер артық мөлшерде төленсе, жекелеген жағдайларда кем төлеу фактілері де орын алған.
Сондай-ақ, мекеме тарапынан салықтық есептілікті жүргізуде бірқатар сәйкессіздіктерге жол берілген. Атап айтқанда, кейбір қызметкерлерге жеке табыс салығы артық ұсталып, ол бухгалтерлік есептілікте тиісті деңгейде көрініс таппаған. Бұл жағдай мекемеде қаржылық тәртіптің сақталуына кері әсер еткенін көрсетті.
Аудит қорытындысымен мекеме басшылығына заң талаптарын қатаң сақтау, артық төлемдерге жол бермеу және есептілікті дұрыс әрі нақты жүргізу бойынша нақты ұсынымдар берілді.
Аталған аудиттің негізгі мақсаты – бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және қаржылық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Департамент бұл бағыттағы бақылау шараларын тұрақты түрде жалғастыратын болады.